АЛМАТЫДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҢАЛТУ ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

АЛМАТЫДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҢАЛТУ ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

      2024 жылғы 29-мамырда Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Алау» оңалту орталығының ұйымдастыруымен онлайн және оффлайн форматында «Медициналық оңалту қызметінің сапасы және қауіпсіздігі» атты дөңгелек үстел болып өтті.
Іс-шараға Алматы қаласы аудандық медициналық ұйымдар үйлестірушілері, Алматы қаласының штаттан тыс бас ересектер және балалар реабилитологтары, МСАК және бас педиатр дәрігерлері; Алматы қаласы МСАК ұйымдары, оңалту орталықтарының реабилитолог мамандары қатысты.
      Мақсаттар: медициналық оңалтудың инновациялық, тиімді әдістерін енгізу арқылы медициналық оңалту қызметінің сапасын арттыру; оңалту бағдарламаларының тиімділігін бағалау; жаңа кәсіби ақпаратпен, үздік тәжірибемен алмасу.
Міндеттер: медициналық оңалту бағдарламаларын жүзеге асыру аясында атқарылған іс-шаралар нәтижелерін саралау, алдағы міндеттерді айқындау; мультидисциплиналық топ жұмысын жүйелендіру; мамандардың біліктілігін арттыру; ұйымаралық әріптестік пен салааралық үйлестіруді дамыту.
       Басқосу кезінде қарастырылған мәселелер: мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы: мүмкіндігі шектеулі балаларды ұйымдастыру мен қолдауды жетілдіру; ерте анықтау қызметін дамыту; мамандарға қосымша білім беру; медициналық оңалту ұйымының қызметі мен қауіпсіздігін реттейтін нормативтік-құқықтық база; ұлттық стандарттар талаптары; мультидисциплиналық топ жұмысы; мейіргерлік күтім қағидаттары; психологиялық-педагогикалық оңалтудың оңтайлы әдістері; кедергісіз орта құру; салаларалық әріптестік құру тәжірибесі.
       Іс-шараны ҚР ДСМ Мемлекеттік тіл саясаты және құжаттама басқармасының басшысы Алдангорова Айжан Әнуарбекқызы мен ҚР ДСМ физикалық медицина және оңалту жөніндегі бас штаттан тыс балалар маманы Шәкенов Мейрам Жамбылұлы алғысөзбен ашып, дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тіледі.
        Негізгі баяндамашылар: Шегебаева М.Т. — Алматы қаласы бойынша штаттан тыс бас балалар реабилитологы, «Алау» оңалту орталығы» директоры (Физикалық медицина және оңалту қызметінің өзекті мәселелері); Мыржықбаева А.Б. — ҚР ДСМ Терминология комиссиясының мүшесі, сарапшы-дәріскер (Ұлттық аккредиттеу стандарттары: құжаттама әзірлеу және құжаттаманы басқару); Шәкенов М.Ж. — ҚР ДСМ физикалық медицина және оңалту жөніндегі бас штаттан тыс балалар маманы (Оңалту қызметі мамандарының білімін жетілдіру); Төлеу Е.Т. — ҚР ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулықты сақтауды дамыту орталығының бөлім меңгерушісі (Оңалту қызметіндегі клиникалық хаттамалар); Садықова А.М. — Алатау ауданы АМҰ үйлестірушісі, №29 қалалық емхана директоры (Алатау ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды иммундаудың қиын мәселелері); Шамсиддинова К.З. — Балаларды ерте оңалту орталығының реабилитолог-дәрігері (Мультидисциплиналық топ жұмысы); Асқарова Ж.Т. — Балаларды ерте оңалту орталығының Педагогика бөлімінің меңгерушісі (Педагогикалық түзету қызметінің міндет-мақсаттары); Стрелецкая Ю.Л. — «Өмірге сен» ҚҚ Оңалту, респираторлық қолдау және паллиативтік көмек орталығының басшысы (Тамақтану — оңалту бағдарламасының бөлігі ретінде); Әжібаева Ж.О. — «Алматы қаласы №4 емханасы» оңалту мейіргері (Емхана жағдайындағы мейіргерлік оңалту қызметінің ерекшеліктері).
      Іс-шара барысында қойылған сұрақтарға сарапшы-мамандар тарапынан жауаптар берілді, ал қатысушылар өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Мамандар осындай форматта алғаш рет өткен кәсіби жиынның маңыздығы мен жоғары дәрежесін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
       Дөңгелек үстел жұмысына онлайн және оффлайн түрде 73 адам қатысты.

https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/documents/details/670106?lang=kk

No Comments

Comments are closed.

To Top